Бас әскери прокуратура туралы ереже

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2017 жылғы 3 қарашадағы
№ 126 бұйрығына
17-қосымша

 

Бас әскери прокуратурасы туралы

ЕРЕЖЕ

 

1. Жалпы ережелер

 

1.Бас әскери прокуратурасы әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында заңдылықтың сақталуын заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мамандандырылған органы болып табылады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

2.Бас әскери прокуратурасының төмен тұрған прокуратуралары бар.

3.Бас әскери прокуратурасы өз қызметін Конституцияға, халықаралық шарттар мен Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, осы Ережеге, сондай-ақ өзге де құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.

4.Бас әскери прокуратурасы мемлекеттік мекемесі ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлері және өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

5.Бас әскери прокуратурасы азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

6.Бас әскери прокуратурасы, егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

7.Бас әскери прокуратурасы өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Бас әскери прокурорының бұйрығымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

8.Бас әскери прокуратурасының құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

9.Бас әскери прокуратурасының заңды мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 14.

10.Бас әскери прокуратурасының толық атауы – «Бас әскери прокуратурасы» мемлекеттік мекемесі.

11.Осы Ереже Бас әскери прокуратурасының құрылтай құжаты болып табылады.

12.Бас әскери прокуратурасының қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

13.Бас әскери прокуратурасына кәсіпкерлік субъектілерімен Бас әскери прокуратурасының функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

 

2. Бас әскери прокуратурасының негізгі міндеттері,
функциялары, құқықтары мен міндеттері

 

14.Бас әскери прокуратурасының негізгі міндеттері:

1)адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру;

2)заңдылықты бұзуды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың зардабын анықтау және жою;

3)құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіру;

4)заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалған өзге де міндеттер.

15.Бас әскери прокуратурасының негізгі функциялары:

1)заңда белгіленген шекте және тәртіппен:

мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдар қызметінің, сондай-ақ олар қабылдайтын актілер мен шешімдердің;

атқарушылық іс жүргізудің және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің;

құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың: сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жедел іздестіру және қарсы барлау қызметі; қылмыстық жазаларды орындау және мемлекеттік мәжбүрлеудің өзге де шараларын қолдану; Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын сақтау салаларындағы қызметінің;

заңда айқындалатын өзге де бағыттар бойынша заңдылықты жоғары қадағалауды жүзеге асырады;

2)қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамада және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген негіздерде және тәртіппен сотта мемлекет мүдделерін білдіреді;

3)мемлекет атынан қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес қылмыстық қудалауды жүзеге асырады;

4)құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін осы органдардың өзара іс-қимылын, өзара ақпарат алмасуды және ортақ міндеттерді іске асыру кезінде олардың келісілген әрекеттерін қамтамасыз ету мақсатында үйлестіреді;

5)Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функциялар.

16.Бас әскери прокуратурасының негізгі құқықтары мен міндеттері.

Бас әскери прокуратурасы:

1)қылмыстық-процестік заңда белгіленген негіздерде және тәртіппен әрекеттерді жүзеге асыруға және процестік шешімдер қабылдауға;

2)заңнамада көзделген жағдайларда және тәртіппен жедел-іздестіру қызметінің материалдарын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді талап етуге, басшылардан және басқа да лауазымды адамдардан заңдылықтың жай-күйі және оны қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы қажетті құжаттарды, материалдарды, статистикалық ақпаратты және өзге де мәліметтерді алуға;

3)заңда көзделген негіздерде және тәртіппен сот отырысына қатысуға және іс бойынша қорытынды беруге, соттан сот істерін сұратуға, сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат келтіруге;

4)заңда көзделген тәртіппен тексерістер жүргізуге, оларға қатысу және қорытындылар беру үшін мамандарды тартуға, сондай-ақ қауіпсіздікті және қадағалау қызметін қамтамасыз ету үшін басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлерін тексеруді жүзеге асыруға тартуға;

5)сараптамалар тағайындауға, прокуратураға келіп түскен материалдар, өтініштер бойынша уәкілетті органдардан тексерістер жүргізуді талап етуге және олардың нәтижелері туралы хабарлауды міндеттеуге;

6)құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелер мен ресурстарда қамтылған мәліметтерге заңнамада белгіленген негіздерде және тәртіппен қол жеткізуге;

7)жүргізілетін тексеріс және қаралатын өтініш мәселелері бойынша лауазымды адамдарды, жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін түсініктемелер алуға шақыртуға;

8)негіздер болған кезде және заңда көзделген тәртіппен лауазымды адамдар салған тыйым салу немесе шектеу сипатындағы шаралардың күшін жоюды, заңсыз актінің қолданысын толығымен немесе ішінара тоқтата тұруды талап етуге;

9)әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғауға және тоқтатуға;

10)тексерістер жүргізумен байланысты құжаттар мен материалдарға заңнамада белгіленген тәртіппен қол жеткізуге;

11)нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеуге және қарауға қатысуға;

12)басқа мемлекеттердің мекемелерімен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасауға;

13)заңдылықты және құқық тәртібін, қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету мақсатында құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы ақпараттық жүйелерді құруға және жетілдіруге қатысуға;

14)заңда көзделген өзге де әрекеттерді орындауға құқылы.

Бас әскери прокуратурасы:

1)өз құзыретіне сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғауға;

2)жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараумен байланысты құжаттар мен материалдарды заңнамада көзделген шекте оларға танысуға ұсынуға;

3)заңдылықты бұзушылықтардың, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың алдын алу және анықтау, сондай-ақ кінәлі адамдарды жауаптылыққа тарту үшін заңда белгіленген тәртіппен прокурорлық ден қою актілерін және прокурорлық қадағалау актілерін қабылдауға;

4)тексерілетін субъектілердің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіретін әрекеттерге (әрекетсіздікке) және актілердің қабылдануына жол бермеуге;

5)тексеріс барысында алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын, мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпия туралы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге;

6)заңсыз ұстап алынған және бас бостандығынан айыру орындарында, арнайы мекемелерде, мәжбүрлеу сипатындағы шараларды орындайтын мекемелерде, қызметтік үй-жайларда заңсыз ұсталатын адамдарды дереу босатуға;

7)өзінің қызметін халықтың сенімін арттыру басымдығымен жетілдіруге;

8)заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді орындауға міндетті.

 

3. Бас әскери прокуратурасының қызметін ұйымдастыру

 

17.Бас әскери прокуратурасын басқаруды Бас әскери прокуроры жүзеге асырады, ол Бас әскери прокуратурасына жүктелген міндеттерді орындауға және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады.

Бас әскери прокурорының орынбасарлары бар.

18.Бас әскери прокурорын және оның орынбасарларын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қызметке тағайындайды және босатады.

19.Бас әскери прокурорының негізгі өкілеттілігі:

1)Бас әскери прокуратурасының жұмысын ұйымдастырады, оның қызметіне және төмен тұрған прокуратураларға басшылық жасайды;

2)Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесін басқарады;

3)Бас әскери прокуратурасы атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

4)басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ өзге де ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда Бас әскери прокуратурасы атынан өкілдік етеді;

5)барлық бағынысты қызметкерлер мен жұмыскерлер үшiн мiндеттi бұйрықтар, өкiмдер шығарады;

6)өзінің құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

Бас әскери прокуроры болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Бас әскери прокурорымен тағайындалатын орынбасарларының бірі жүзеге асырады.

20.Бас әскери прокуроры өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

 

4. Бас әскери прокуратурасының мүлкі

 

21.Бас әскери прокуратурасы заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

Бас әскери прокуратурасының мүлкі оған мемлекет берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

22.Бас әскери прокуратурасына бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

23.Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бас әскери прокуратурасы өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

 

5. Бас әскери прокуратурасын

қайта ұйымдастыру және тарату

 

24.Бас әскери прокуратурасын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.