Бас әскери прокурордың үндеуі

14 сәуiр 2020 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
Бас әскери прокурордың үндеуі - 1466189559

Біздің еліміз бүкіл әлем сияқты, халықтың өмірі мен денсаулығына, саяси және экономикалық жүйелердің тұрақтылығына нұқсан келтірген COVID-19 коронавирус пандемиясына тап болды.

Осыған орай Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елдің барлық аумағында төтенше жағдай режимі енгізілді, ал кейбір қалалар мен елді мекендерде шектеу шараларымен байланысты карантин жарияланды.

Бұл шаралар атқарушы, құқық қорғау, медициналық, әскери және басқа да мемлекеттік органдардың күшімен қамтамасыз етіледі.

Қазіргі уақытта Ұлттық ұлан бөлімшелерінің, ҰҚК Шекара қызметінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау, медициналық және басқа да әскер түрлері мен тектерінің әскери қызметшілері вирустың бақылаусыз таралуына жол бермеу, күшейтілген карантиндік шаралар мен қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін тәулік бойы қызмет атқаруда.

Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде: "Біз үрейге жол бермейміз, және бұл жағдайда азаматтар мемлекетке қолдау көрсетуі тиіс. Қазір бұл бұрынғыдан да маңызды. Бүгінде бүкіл ел қазақстандық дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің ерлігі мен тұрақтылығына таңдануда. Олар өмірді құтқарып жүрген нағыз батырлар. Полиция қызметкерлері, сондай-ақ әскери қызметшілерге де ерекше алғыс айтамыз" - деді.

Өз тарапымыздан Отан игілігі үшін біздің әскери қызметкерлерімізге олардың айбынды және жанқиярлық қызметі үшін ризашылығымызды және қолдауымызды білдіргім келеді. Сіздерге мықты денсаулық пен тұрақтылық тілеймін!

Ел азаматтарын қалыптасқан жағдайды түсініп, біз үшін қиын уақытта құқыққа қарсы әрекеттерге жол бермеуге шақырамын.

Осы күрделі кезеңде әрбір қазақстандықтың қолдауы маңызды болып қалуда, біз елдегі қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарап, ауызбіршілік танытуымыз керек. Қоғамның күші мен өзара көмек көрсетудің сенімділігі ынтымақтастықта екенін есте сақтау қажет.

Біз біргеміз!